23.01.2023, 18:20

Батыс Қазақстанда жас мұғалім өзіне қол салды

Фото: ашық дереккөз
16 қаңтарда таңертең мұғалім қыз қашықтан оқитын шәкіртінің үйіне барған.

Батыс Қазақстан облысында мектеп мұғалімі өзіне қол салды. Қайғылы жағдай 17 қаңтар күні Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында болды деп хабарлады turkystan.kz.

«Мой город» сайтының мәліметінше, 22 жастағы Назым Өмірзақованың туыстары оны мұндай әрекетке әріптестері итермелеуі мүмкін деп күдіктенуде.

«Назым педагогикалық колледжді бітіріп, бірден ауыл мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты.  Бірақ басшылықпен қарым-қатынасы дұрыс болмады.Директордың орынбасары әріптестерінің көзінше Назымға дөрекі түрде ескертулер жасаған. Жалақысын қысқартып, бұйрық шығарып, «жұмысқа тұра алмайтындай жасаймын» деп қорқытқан. Желтоқсан айының ортасында олар декреттік демалыста болған мұғалімді (оның орнына Назым жұмыс істеді) шақырып алып, Назымды алты сағаттық оқу жүктемесімен қалдырды. Ол бұл шешімге қуанып жүрген», – деді қаза тапқан мұғалімнің туысы Бекбол Мырзабаев.

Оның айтуынша, 16 қаңтарда таңертең мұғалім қыз қашықтан оқитын шәкіртінің үйіне барған. Ал түстен кейін жұмысқа бармаған. 17 қаңтарда сағат 08:00 шамасында бауыры Бекбол жұмысқа кеткен. Ол уақытта Назым ұйықтап жатқан. Ал 15-20 минуттан кейін анасы қызын үйдің ауласында дарға асылып тұрған жерінен тапқан. Қыз ешқандай хат қалдырмаған.

«Мектептің барлық ұжымы оған қысым жасалғанын біледі. Назымның өзі сабырлы, ешқашан ешкімді ренжіткен емес. Менімен бірге тұрды, ал ата-анасы басқа ауылда. Ол үнемі соларға қамқорлық көрсетіп, інісіне көмектесіп жүрді. Мен ешкімді кінәламаймын, бірақ менің туысым жұмыстағы келеңсіздіктерге байланысты осындай қадамға баруы мүмкін деп күдіктенемін. Иә, Назымның жұмысында кейбір кемшіліктер болған шығар. Мүмкін ол қателіктер жіберген болар. Бірақ ол жас маман, енді ғана жұмысқа тұрды. Оған қысым көрсетіп, сынаудың орнына, мектеп басшылығы көмектесіп, түсіндіріп, жол көрсетуі керек еді. Біз сотқа дейінгі тергеу жабылуы немесе толық көлемде жүргізілмеуі мүмкін деп қорқамыз», – деді Бекбол Мырзабаев.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдин бұл мәселе бойынша мектеп директорымен сөйлескенін атап өтті. Директордың айтуынша, әріптестер, керісінше Назымға электронды журналмен жұмыс істеуді үйреткен, тәлімгер тағайындап, барлық жағынан қолдау көрсеткен.

«Бастапқыда ол 28,5 сағаттық оқу жүктемесімен жұмыс істеді. Бірақ негізгі жұмысшы жұмысқа шығып, ал Назымға үйде оқитын оқушымен 12,5 сағат және тағы алты сағат негізгі жұмыс қалды. Сондықтан ол толық жұмыс істеді. Бұрын қыз шағымданбаған, мектеп басшылығы оған түсіністікпен қараған», – деп түсіндірді Ерболат Бекмулдин.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі 17 қаңтарда сағат 8:00 шамасында жеке үйдің сарайында қыз өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлады. Денеде зорлық-зомбылықпен өлім белгілері болған жоқ. Марқұмның денесі мәйітханаға сот-медициналық сараптама жүргізуге жіберілді. Аталған факті ҚР ҚК 105-бабы «суицидке жеткізу» бойынша тіркелген.