Мекке мен Мәдинаға аттанған 50-ге жуық қазақстандық алаяқтықтың құрбаны болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"50-ге жуық қажы Мекке мен Мәдинаға жолдама уәде еткен алаяқтардың құрбаны болды. Полиция жәбірленушілердің көп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды", - делінген ІІМ хабарламасында.
26 қаңтарда Еңбекші аудандық полиция басқармасына алаяқтық фактісі бойынша ерлі-зайыпты шағым түсірген.
"Күйеуі мен әйелі "Каусар-травел" туристік компаниясы Сауд Арабиясына қажылық сапарын ұйымдастыруға уәде бергенін хабарлады. Алайда, 13 қаңтарда, шетелге ұшатын күні ерлі-зайыптылар уәде етілген авиабилеттер мен визаларын алмаған. Компания директоры қоңырауларға жауап бермеген, ал қызметкерлері оның қайда екенін түсіндіре алмады. Осындай мәлімдемелермен полицияға аталған туркомпанияның алаяқтығынан зардап шеккен тағы 48 адам жүгінді. Полицияның мәліметінше, алаяқтардың әрекетінен Шымкент пен Алматы тұрғындары зардап шекті. Материалдық шығын шамамен 33 млн теңгені құрайды", - деп нақтылады тәртіп сақшылары.
ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция мәліметінше, компанияның директоры көп ұзамай Алматыда ұсталған. Ол қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынған.
“Сот шешімімен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр”, – дейді полицейлер.