Алматыда көлігін от жағып жылытқан азамат ұсталды. Темір тұлпарын қолдан жылытуға тырысқан қарияның бұл әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, көпті таңқалдырған еді, деп хабарлайды Астана арнасы.
Телеарна хабарлауынша, жүргізуші салонның ортасына ашық отты пеш жасап, екі жағына газ баллондарын орналастырған. Белгілі болғандай, ол бұл әрекетке бірінші рет барып тұрған жоқ.
«Мен бұл қадамға қызық үшін бардым. Әрине, қауіпті екенін мойындаймын. Кептелісте не тағы бір жерде көліктің өртеніп кетуі әбден мүмкін еді», - дейді қала тұрғыны.
Көлік құралын пайдалану ережелерін бұзған жүргізушіге қатысты полиция шара қолданды. Көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды. ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 7-бөлігі бойынша материал жинақталды. Мұндай көлікті басқару – ең алдымен, оның иесіне, жолаушыларға және басқа да жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіретіні анық»,- деді Алматы қалалық полиция департаменті.