Алматы облысына қарасты Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылының Николай есімді жасөпірімі желіде жұртшылықты сүйсіндірді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Фотограф Ернар Алмабектің камерасына іліккен Николайдың жасы 14-те, ұлты неміс. Желі қолданушыларын ол таза қазақ тілінде сөйлеп, қазақтың ұлттық спорт түрі – көкпарды дәріптеп жүргенімен таңқалдырды.
«Осы ауылдың ұлымын. Көкпармен айналысып жүргеніме 2 жыл болды. Көкпарды жиі тартып тұрамыз. Бүгін бір баланың туған күніне орай ұйымдастырдық. Көкпармен әрі қарай да айналыса беремін. Қай елденсің десе, Жәнібек деп айтамын», - дейді ол.
Желі қолданушылары жылы лебіздерін білдіріп жатты.
«Ұлты неміс, ойы қазақ. Түрі де қазақ қой», «Қазіргі жастар қазақша сөйлеуден ұялып жатады. Тіпті, кімнің үмметі екенін де білмей жатады», «Бұл балаға риза болдым. Неміс болса да, дінді, тілді біліп отыр», - дейді.