Ақтөбеде өрт сөндірушілердің гидранты бар құдық қақпағы ашық қалып, сәби құлап кетті. Сәбиге бірнеше ота жасалғанымен, бірнеше күннен кейін көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құдыққа құлаған 1 жас 5 айлық сәбиді ата-анасы ауруханаға жеткізген.
«Ата-анасының сөзіне сүйенсек, бала тереңдігі 3,5 метр болатын құдыққа құлап кеткен. Ауруханаға жеткізілгенде жағдайы өте ауыр болды. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Бір сағат ішінде консилиум отырысы өтті. Оған хирург, реаниматологтармен қатар нейрохирург, кардиохирургтер қатысты. Өмірін сақтап қалу үшін кеңірдегі мен кеңірдек тамыры, құрсақ қуысы, өкпеқап қуысына бірнеше ота жасалды. Алайда сәби 12 сәуір күні тыныс алуын тоқтатты», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ата-анасы сол күні аула маңын жинауға шыққан. Сол кезде жанында жүрген сәби ашық қалған құдыққа түсіп кеткен.
«Қазіргі кезде оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр, іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Іс қысқартылуы мүмкін», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.