Алматы облысында 18 жастағы бозбала 40-қа таяған еркекті пышақтап өлтірген. Марқұмның туыстары оны ақшаға бола өлтіргенін айтады. Өйткені Нұрсұлтан Нүсіпхан ұлының сүндет тойына қаражат жинап жүрген екен. Енді артында бес бірдей баласы әкесіз қалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2004 жылы туған күдікті қазір қамауда. Мал бағуға кетіп қайта оралмаған 39 жастағы Нұрсұлтан Нүсіпханның жүрек тұсына екі рет пышақ сұғылған. Айдың-күннің аманында Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылының нағыз бұзақысының қолынан қаза болды дейді марқұмның жақындары. Айтуларынша, ол осы уақытқа дейін ақша бопсалап, тыныштық бермей келген. Ал қайғылы оқиға болған күні, яғни 11 маусымда Нұрсұлтанның шотында қомақты қаражат жатқанын байқап қойыпты.
«Каспий қосымшасындағы ақшасын алып кетіпті. Балама той жасаймын, пұл жиып жүрмін деген еді. Ана балалар біресе қарыз, біресе тағы бірдеңе сұрайды екен. Бірге жүрген балалар ғой деп, ештеңе ойламадық. Сөйтіп жүрсек, ақшасы жоқ, телефоны жоқ болып, өлігі табылды», - дейді марқұмның анасы Жақыпбек Күлияқызы.
Күдікті 2004 жылғы бозбала. Оның 40-қа таяп қалған еңгезердей ер адамға қалай әлі жеткені де белгілі. Нұрсұлтан Нүсіпхан туғаннан екінші топтағы мүгедек, бір аяғы мен қолы істемейді. Ел-жұрттың малын бағып, отбасын асырап отырған. Енді кәмелетке толмаған бес баласы артында аңырап қалды. Бауырынан айырылған марқұмның ет жақындары «қаныпезер жазадан құтылып кете ме» деп қорқады.
«Оның бауырлары, ауылдың халқы біледі, кімнің кім екенін, солар айтты, ҰҚК, прокурор дей ме, сондай екен. Бұл жерде кімнің құқығы тапталып жатыр? Қылмыскердің құқығы ма? Жоқ, әлде мына шиеттей қалған жетімдердің құқығы ма? Әкем қайда десе, қайдан тауып беремін?», - дейді марқұмның ағасы Бекмұрат Нүсіпхан.
Қазір күдікті қамауда отыр. Адам өлтіру бабымен іс қозғалыпты. Қылмысы дәлелденсе, 8 жылдан 15 жылға дейін сотталады.
«Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы, 1-бөлігі бойынша аудандық полицияда тіркелді. Жедел іздестірілу іс-шарасы барысында ізін суытпай, 2004 жылғы күдіктіні анықтап ұстады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындау мен барлық тергеу шарасы жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Бүгін Нұрсұлтанның жаназасы өтіп, денесі мәңгілікке жер қойынына тапсырылды. Артында шырылдап қалған ағайын-туысы тергеудің әділ жүріп, болмашы ақшаға бола бес баланы жартылай жетім қалдырған күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.