17.06.2023, 23:30

Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам қаза тапты

Фото: polisia.kz
Полиция департаментінің бастығы өңір тұрғындарына үндеу жасады.

Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен-Кендірлі тасжолында жол-көлік апатынан 10 адам қаза тапты. Оның бесеуі кәмелетке толмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға 16 маусым күні сағат 21:30 шамасында болған.

Осы оқиғаға байланысты Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы өңір тұрғындарына үндеу жасады.

"Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айта отырып, ескерткім келеді. Жол-көлік оқиғасының негізгі себебі – көліктің қарсы бағытқа шығып кетуі. Кешегі қорқынышты апатты талдай отырып, «Toyota» көлігінің ішінде 8 адам болғанын атап өткім келеді. Егер ережелер сақталып, жүргізуші мен жолаушылар қауіпсіздік белдігін тағып, сондай-ақ балаларға арналған орындықтар пайдаланылса, онда көлікке тек 4 адам ғана сыяды. Ал, апат болған жағдайда бұл құралдар адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалуы мүмкін. Осы жол-көлік оқиғасындағы екінші көлік – «Duster» автокөлігінің жүргізушісі бір ай бұрын қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін ескерту алып, айыппұл салынған. Осыған байланысты жол қозғалысы ережелерін сақтауды және өз өмірлеріңіз бен балаларыңыздың өміріне жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын!"- деп үндеу жасады аймақ тұрғындары мен қонақтарына полиция генерал-майоры Аян Дүйсембаев.