21.07.2023, 22:30

Алматы облысында жаңбыр салдарынан 140-қа жуық үйді су басып қалған

Фото: inbusiness.kz
Жол бойында сел, лай мен тастар пайда болғаннан кейін жол көлік қозғалысына жабылды.

Алматы облысының Жамбыл ауданында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан 140-қа жуық үйді су басты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, аудандық маңызы бар КВ-10 Ұзынағаш – Бесмойнақ тас жолында Шиен және Қараарша ауылдарына жақын жерде тасқын су жолдан асып кеткен. Жол бойында сел, лай мен тастар пайда болғаннан кейін жол көлік қозғалысына жабылды. Сондай-ақ орташа қысымды газ құбырының бір бөлігі (шамамен 70-80 метр) зақымданған.

Шиен ауылында 140-қа жуық үйдің ауласын су басты.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сондай-ақ Ұзынағаш қаласында орналасқан 28237 әскери бөлімінің 30 әскери қызметкері келді.

Төтенше жағдайлар департаменті Қараарша ауылы тұсындағы Ұзынағаш-Бесмойнақ жолының 54-шақырымында көлік қозғалысы қайта жанданып, жол жиегі тас пен лайдан тазартылғанын хабарлады.

Су басқан үйлердің аулаларынан су тартылып жатыр.

Су деңгейі төмендеді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, – делінген Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.