28.09.2023, 09:20

Жамбыл облысында бүтін бір ауылда төрт түлік қырылып жатыр

Фото: видеодан алынған кадр
Елді мекенде белгісіз бір ауру тараған.

Аты жоқ кесел Талас ауданындағы Майтөбе ауылында анықталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Өріске кетіп өлексеге айналып жатқан тұяқтыларды емдеуге келгенде мал дәрігерлері де дәрменсіз дейді жұрт. Өйткені облыстық ветеринарлар 3 апта бұрын басталған аурудың диагнозын дәл таба алар емес.

Ауылға аты жоқ кесел келді деген Майтөбедегі малшылар бұлай жалғаса берсе қу таяқ ұстап қалар түріміз бар деп қабыл қағуда. Өйткені өріске кеткен тұяқтылар өлексеге, келгені көтерем күйге түсуде дейді. Тұрғындар 3 аптадан бері төрт түлігінің түннен түгел шығуын тілейтін болған. Айтуларынша осы ай басталғалы 100-ге жуық қой-қозы қынадай қырылып қалған. Ал арам қатқан ірі саны 10-ға тартады.

Білмей сауып ішіп, жатқан елдер бар. Білмей, байқамай қалып. + Адам ауырмай ма?! Біз қалай үндемей отырамыз. Дезинфекция жасамаса, болмайды. Бұл кене арқылы да, шөп арқылы да, су арқылы да келуі мүмкін, - Майтөбе ауылының тұрғыны Рима Әбдиева.

Ауылдықтар аты анықталмаған ауру адамға да жұға ма деп алаңдаулы. Кесел тиген төрт түлік тәуліктеп жем-шөп жемейтін көрінеді. Жатқан жерінен тұрмайды, қызуы төмен түспейді. Бұқара бұған көктем кезіндегі вакцина науқанының немкетті ниетпен жүргізілуі де себеп болуы мүмкін дейді.

Температурасы 41-ге барады. Егер де білмей қалсаң резко өледі. Болды! Қолымыздан градусник түспей жатыр қазір, - деді Майтөбе ауылының тұрғыны Бақтыбай Есенбаев.

«Дүмше молдалықпен емдеп жатырқ, балам! Ауданның вет врачынан ешқандай бізге пайда жоқ. Менде қазір 1 сиыр ауырып тұр. Көздері де көрмей қалды қазір. Малдан айырса, қайыр тілеп кетеміз. Болды», - дейді Майтөбе ауылының тұрғыны Бақытжан Туғанәлиев.

Ал аудан билігі бұл сары ауру тектес кеселдің бірі болуы мүмкін екенін айтады. Өлекселер мен олардың азығынан саныма алып, Алматыға жөнелткен. Нәтижесі келмейінше мал дәрігерлерлері диагноз қойып, шешім шығара алмайды.

Жамбыл облыстық ветеринарлық лабораториясына жібереміз. Олар отрицательный деп береді. Уже біз қандай диагноз қоярымызды білмей отырмыз. Лептоспироз ауруына күдікті деп беріп жатырмыз. Бірақ нақты емес. Ал референц центрдің айтуы бойынша, дәрі-дәрмек салынбасын, сол кезде анықталады деп отыр, - дейді Талас аудандық ветеринариялық стансасының директоры Жарқын Қалмаханов.

Ауылдықтар сөйлеткен сандар болмаса, қырылған малдың нақты қанша екені белгісіз. Себебі ресми хаттама  жасалған жоқ. Ал Алматыда қаралып жатқан сараптама 1-2 аптада анықталуы тиіс. Егер қорытындысы қауіпті деп танылған 18 кеселдің тізімінен табылса, тұрғындарға өтемақы төленеді. Олай болмаса шаруалар өз шығынын өздері өтеуге мәжбүр.