02.10.2023, 15:00

Павлодар тұрғыны танысын өлтіріп, үйдің ауласына көміп тастаған

Фото: gov.kz
Оңтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне қала тұрғыны ерікті түрде келген.

Павлодарда ер адам танысын өлтіріп, үйдің ауласына көміп тастаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Алқабилердің қатысуымен өткен сот отырысында 31 жастағы күдіктіге 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. 

2 қаңтарда оңтүстік полиция бөлімінің кезекші бөліміне қала тұрғыны ерікті түрде келген. Ер адам 2022 жылдың қыркүйек айының ортасында өзінің 1964 жылы туған танысын өлтіргенін хабарлады. Ол сол күні тұрғылықты жеріндегі үйде алкогольдік ішімдіктер ішу барысында таныс әйел екеуінің арасындағы жанжал кезінде оны тұншықтырып өлтіргенін айтты. Денесін өзі тұрған үйдің ауласына көміп тастаған,  –  деді департаментте. 

Аталған факті тіркеліп, тергеушілер Қазақстан Республикасы ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді.

Қылмыстық іс қажетті тергеу шараларын өткізгеннен кейін қылмыстық істер бойынша сотқа мәні бойынша қарау үшін жіберілді.