30.10.2023, 15:00

Астанада жарық сөнгенде өрт шығып, зейнеткер қаза тапты

Фото: pixabay.com

29 қазан түні Астананың үш ауданының тұрғындары ЖЭО-2-дегі қысқа тұйықталу салдарынан жарықсыз қалған.

 

Астанада 30 қазанға қараған түні тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Салдарынан 72 жастағы зейнеткер қаза тапты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұл ақпаратты елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі растады.

ТЖД мәліметінше, 30 қазан күні сағат 00:22-де «101» пультіне Манас көшесі, 3/1 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына аттанған. Сөндірушілер келген уақытта бес қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінің бірінші қабатында 18 шаршы метр аумақты құрайтын тұрмыстық заттар мен жиһаздар жанып жатқаны анықталған.

Оқиға орнынан 1951 жылы туған әйелдің денесі табылды, – делінген ақпаратта.

Тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарынан 51 тұрғын эвакуацияланды, оның ішінде 14 бала бар. Өртті жеке құрамның 16 қызметкері төрт техниканың көмегімен сөндірген. Өрт сағат 00:44-те сөндірілген. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Еске салсақ, 29 қазан түні Астананың үш ауданының тұрғындары ЖЭО-2-дегі қысқа тұйықталу салдарынан жарықсыз қалған.