05.11.2023, 18:30

Үзеңгіге не үшін у жаққан?

Фото: argymaq.kz

Осы у беру немесе үзеңгіге у жағу төрелердің айналасында жиі ұшырасатын оқиға болғанымен де, Құнанбайдың әулетіне де бейтаныс жағдай емес сияқты. 

 

 

Қазақ тарихында тақ үшін талас болып тұрған. Әсіресе, төрелердің арасында жиі кездескен көрінеді. Мәселен, Құнанбайдың заманында төрелердің арасында у беру немесе үзеңгіге у жағу жиі ұшырасатын оқиға болған. Бұл туралы жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұрбай «Құнанбай «Құнанбай (Жәбір сұлтаны)» романында қызық дерек келтірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Біз жазушының романынан үзінді келтіргенді жөн көрдік.

1884 жылғы болыс сайлауында Ербол қарсы жаққа шығып кетіп, Күнту болыстыққа сайланады. Қырдағы халқына да, қаладағы ұлығына да дегені болып келген Абайдың екпіні алғаш рет басылады. Тіпті жұрт аузында: «Құнанбайдың тұқымы кісі бар екенін – Күнту болыс болған соң, құдай бар екенін – Оспан өлген соң білді», – деген сөз қалған. Тағдырда да әділдік болса керек. Қулығын бәйгеден келтірген соң Ерболдың ғұмыры 2-3 айға жетпеген, ол шұғылынан дүние салған. Сол жылдың тамыз айының соңғы ыстық күндерінің бірінде Семей қаласынан қайтып бара жатып, 41 мүшелінде, Күшікбай бұлағының қала жағындағы «Қызыл-қызыл» деп аталатын төбенің тұсында ат үстінде жан тапсырған: Құнекең әулие ғой: «Ыбырайдың басын Ербол алады, Ерболдың басын Ыбырай алады», – деп еді. Сол сөзі келмеді ме? Оспан жиын топтың алдында: «Әй, Ербол, екеуміздің біреуіміз-ақ жер басып тірі жүреміз», – демеп пе еді. Оспан Ерболдың үзеңгісіне у жақтырды. Оны Абайсыз істей алмайды Оспан. Бұл Абай ісі деген өсек тарайды.

Абай Ерболдың жаназасында болып, бір кездегі досын мәңгілік қонысына аттандырып салған.

Осы у беру немесе үзеңгіге у жағу төрелердің айналасында жиі ұшырасатын оқиға болғанымен де, Құнанбайдың әулетіне де бейтаныс жағдай емес сияқты. Әйбәттың, Ерболдың, Бәзілдің және кейінгі ұрпақтарының тағдырына ілескен шын-өтірігі аралас дүдәмал қауесеттер сондай ойға жетелейді, – деп жазады Тұрсын Жұртбай.