$ 494.87  520.65  4.91

Қостанайда газ жарылған үйден қарияны алып шыққан Ерасылдың ерлігі ескерусіз қалды (ВИДЕО)

Ол ақыл айтқан ағасына: «Ең бастысы, өзімнің адамдық міндетімді атқардым ғой, елемесе елемей-ақ қойсын» дейтін көрінеді.

Фото: Ерасыл Дулаттың Instagram-дағы парақшасынан
Фото: Ерасыл Дулаттың Instagram-дағы парақшасынан

Биыл 9 желтоқсанда Қостанай қаласындағы Абай көшесінде 4 бөлмелі жер үй өртенген болатын. Оны алдымен Қостанай қаласының тұрғыны, «Сарыарқа» автокөлік құрастыру зауытында жұмыс істейтін Ерасыл Дулат жанынан таксимен өтіп бара жатқанда көрген. Содан ол көп ойланып тұрмастан көлікті үйдің жанына тоқтатып, іште қалған адам болса, құтқарып қалуға бел буған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ішке кірген Ерасыл бір бөлмеде жатқан әжейді көріп, оны дереу сыртқа алып шыққан. Сол сәтте көршілердің шақыртуымен қалалық №6 өрт сөндіру бөлімінің 3 техникасы мен 9 қызметкері де жеткен. Олар келгенде үйдің 70 шаршы метрінде жиһаздардың, қабырғасы мен төбесінің жанып жатқанын көрген.

Мен үстінде халаты ғана бар қарияны үйдің кіреберісіне алып шыға бергенде алдымнан бір өрт сөндіруші жолықты. Сыртқа шығып үлгердім. Сол кезде іштегі газ жарылып, өрт сөндірушінің «Қолым! Қолым!» деп айқайлап жатқанын естідім. Ал олардың бірі «Біз сенің үйге бірінші болып кіргеніңді көрдік. Басшылық тарапынан сұрап жатса, соған өзіміздің куә болғанымызды айтамыз» деді, - дейді Ерасыл.

Бірақ жергілікті БАҚ қарт ананы оның алып шыққанын емес, «үйге бірінші болып бөлімше командирі Ержан Тұралин кіріп кетті» деп жазған. Сондай-ақ онымен бірге әріптестері Талғат Жаңбыршин, Мейрам Қадыралинов, Айбат Менжібекұлы, Ғани Марденов, Серік Жұмашев, Жасұлан Жұматов, Жұмахан Негметжанов, Ренат Сартаев марапатталған. Бір қызығы, олардың ешқайсысы оқиға орнына өздерінен бұрын қала тұрғыны Ерасыл Дулаттың жеткенін айтпаған. Ал газдың ол үй ішінен шығып үлгергеннен кейін жарылғанына өрттен көз жұмған қарияның көршілері де, қасындағы такси жүргізушісі де куә.

Сол күні Ерасыл жолдасының үйінде болды. Маған такси шақырып берші деді. Біраздан соң арнайы қосымша картасынан қарасам, такси аялдап тұр екен. Жүргізушісіне хабарласқанымда, «Мына жерде өрт болып жатыр, біраздан соң өзі звондайды» деді. Сол кезде арғы жағынан тарс етіп газдың атылғанын естідім. Сосын Ерасылдың өзіне хабарласқанымда, «Мында үй өртеніп жатыр. Сыртқа бір әжені алып шықтым. Сосын өзім звондаймын» деп телефонын баса салды. Кейін үйге үсті-басы шылқыған су болып келді. Өрт сөндірушілер келгенде судың астында қалып қойыпты, - дейді келіншегі Лунара.

Ал Ерасылдың айтуынша, ол қарияның қаза тапқанын сыртқа алып шыққанында қолының терісі сыдырылып түсіп жатқанынан бір-ақ аңғарған.

Сәл ертерек барғанымызда ажалдан аман алып қалуға болатын еді, - дейді өзі.

Тағы бір белгілі болғаны, Ерасыл Дулат – Қостанай облысының Арқалық ауданына қарасты Екідің ауылының әкімі Дулат Бейсеновтің кенже ұлы, астаналық белгілі журналист Еркеғали Бейсеновтің немере інісі екен. Осы оқиғадан хабардар болған Еркеғали Болатұлы бірден Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз жетекшісі Жұматай Кәкімжановқа хабарласқанын алға тартты.

Оған өрт сөндірушілер жеткенше қарт ананы үйден менің інім алып шыққанын, бірақ оның сол ерлігі елеп-ескерусіз қалғанын, әкімдік тарапынан сәл қолдау көрсетіп, мерейін көтеріп тастаса жөн болатынын айттым. Оқиғаның мән-жайын өз аузынан естісін деген ниетпен ұлдың телефон нөмірін де бердім. «Түсіндім» деген. Бірақ Ерасылға әкімдіктен ешкім хабарласпапты. Кейін жергілікті БАҚ-тан Қостанай қалалық ауруханасына облыс әкімі Құмар Ақсақалов барып, қолы сынған Ержан Тұралиннің көңілін сұрап, мадақтап, мемлекеттік наградаға ұсынатынын жеткізгенін оқыдым. Содан соң ініме «Өз міндеттерін өрт сөндіруші, құтқарушы, полицей, дәрігер мамандар дұрыстап атқарып алсын! Енді басыңды қатерге тігіп, ондайға жоламай-ақ қой. Бәрібір ол жақта сені ерлік жасады деп отырған ешкім жоқ» дедім, - дейді бізге берген жауабында әріптесіміз Еркеғали Бейсенов.

Оның айтуынша, Ерасылдың өзі марапатқа зәру емес. Ақылын айтқан ағасына: «Ең бастысы, өзімнің адамдық міндетімді атқардым ғой, елемесе елемей-ақ қойсын» дейтін көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары