03.01.2024, 18:00

Ақтөбедегі жасөспірімдердің өлімі: 6 адам ұсталды

Фото: Polisia.kz

Екеуі де есін жимастан көз жұмды. Қылмыстық іс бойынша процесс прокуроры тағайындалды.

Ақтөбеде түнде болған жаппай төбелеске қатысқан 6 адам қамауға алынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық прокуратура бұл қылмыстық іс облыс прокурорының жеке бақылауында екенін атап өтті.

Оқиға Қызылжар тұрғын алабындағы «Алмаз» дүкенінің жанында болған. Онда полиция басқармасының жедел-тергеу тобы мен облыс прокуратурасының басшылығы барды.

Деректерге сүйенсек, Instagram-да А. және В. атты адамдардың арасында жанжал туындаған. Салдарынан кәмелетке толмаған В. келесі күні «Алмаз» дүкенінің жанында кездесуді ұсынған. 2 қаңтарда сағат 23:00 шамасында А. және С. атты адамдар пышақ жарақатын алған. Екеуі де есін жимастан көз жұмды. Қылмыстық іс бойынша процесс прокуроры тағайындалды, - деп жазылған хабарламада.

Тағы оқи отырыңыз: Ақтөбеде жанжал жаппай төбелеске ұласып, екі жігіт көз жұмды

Облыстық көпсалалы ауруханаға барлығы 4 адам жеткізілген. 2006 жылғы екі жасөспірім бірнеше жерден пышақ жарақатын алып, көз жұмды.

2004 жылы туған ер адам хирургия бөліміне жатқызылды. Оның сол жақ жауырынында жарақаты бар. Ота жасалды. Бүгін оның жағдайы – орташа ауыр. Ал 2004 жылғы тағы бір науқас сол жақ иығынан жараланды. Ол үйден емделетін болды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Ақтөбе облысының ПД мәліметінше, жаппай төбелеске барлығы 10 адам қатысқан. Бүгінде оның алтауы қамауға алынды.