30.01.2024, 10:00

Қарағанды облысындағы жарылыс: екі адамның денесі табылды

Фото: видеодағы кадрдан алынды

Одан кейін пәтердің шатыры, оның қабырғалары мен жабындылары толық опырылып түсті.

Қарағанды облысының Ботақара кентінде құтқарушылар тұрмыстық газдың жарылуы салдарынан құлаған үй қирандыларының астынан екі адамның денесін алып шықты. Оқиғадан 5 адам зардап шеккен, оның үшеуі - балалар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Еске салсақ, 2024 жылғы 30 қаңтарда сағат 00:07–де Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентіндегі Әуезов, 8а мекенжайы бойынша екі қабатты, екі кіреберісі бар 12 пәтерлі тұрғын үйдің екінші қабатында орналасқан № 10 пәтерде жарылыс болды.

Одан кейін пәтердің шатыры, оның қабырғалары мен жабындылары толық опырылып түсті. Сондай-ақ бірінші қабатта орналасқан жалпы ауданы 300 шаршы № 7 пәтерге де қатты зақым тиді, оның қабырғалары да құлаған.

Үй 2014 жылы салынған. Оның жалпы ауданы 510 шаршы метр.

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде бірінші қабаттағы № 5, 6, 8, екінші қабаттағы № 11, 12 пәтерлер жарым-жартылай зақымданған. Үйде барлығы 46 адам тұрады, жарылыс кезінде үйде 35 адам болған.

Облыстық ТЖД мәліметінше, сағат 00:11–ден 03:37–ге дейінгі аралықта құтқару жұмыстары кезінде қирандылар астынан қаза болған екі адамның денесі шығарылған. 

Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Жұмысқа 139 адам мен 32 техника жұмылдырылған.