Топырақтың бұл жағдайы өте қауіпті.
Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» АҚ аумағында опырылған жерде экскаваторлар топырақ пен тау жыныстарын қайта экскавациялаумен айналысып жатыр. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кеше солтүстік беткей бойынша экскаваторлармен шамамен 25 текше метр көлемінде топырақты қайта экскавациялау жүргізілді.
«Майқайыңалтын» АҚ аумағында опырылған жердің барлық периметрі бойымен жарықшалар пайда болды. Топырақтың бұл жағдайы өте қауіпті. Бұған дейін кішігірім жарықшалар пайда болған кезде топырақ опырылған болатын.
Магнитометрмен және геосканермен топырақты зерттеу кезінде GRP Ridder grupp ЖШС мамандары қазылып жатқан жердің одан сайын опырылып кетуі мүмкін екенін ескертті. Өйткені, тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде тұрақтылықтың «призмасы» бұзылуы мүмкін. Яғни, шұңқыр қабырғалары опырылып кетеді. Сонымен қатар, аяз бен боран жұмысты қиындатуда. Мұның бәрі құтқарушылардың өміріне қауіп төндіреді, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, «Майқайыңалтын» АҚ аумағында авариялық-құтқару жұмысы жалғасуда. Әзірше жұмысты тоқтату туралы шешім қабылданған жоқ.