10.02.2024, 01:30

Таразда қаршадай қыз сыныптасына пышақ сілтеген

Фото: видеодағы кадрдан алынды

Қазір ол үйінде емделіп жатыр. Ал мұны жасаған оқушы психдиспансерге жатқызылды.

 

Таразда 9-сынып оқушысы өз сыныптасына пышақ сілтеген. Күдікті де, жәбірленуші де – қыздар. Қазір зардап шеккен оқушы емделіп жатыр. Ал пышақ сілтеген қыздың ақыл-есінде ауытқуы бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

КТК арнасының мәліметінше, бір ай бұрын ғана суицид жасамақ болғаны енді ғана анықталып отыр. Өйткені мектеп ұжымы бұл істі жылы жауып қойған. Сыныптасын өлтіре жаздаған ол бірден психологиялық аурулар клиникасына жатқызылған.

9-сынып оқушысы қатарласын өлтіруге бір апта дайындалған көрінеді. №35 мектептің оқушысы әуелі құрбысын саябаққа серуендеуге шақырған. Кездесу кезінде күтпеген жерден пышық сілтеген.

Тамағынан пышақ жарақатын алған оқушы үйіне жетіпті. Қазір ол үйінде емделіп жатыр. Ал мұны жасаған оқушы психдиспансерге жатқызылды.

Өте салмақты, жақсы оқитын, тәртіпті оқушының бірі еді. Ешқандай жат қылығын көрмеген едім. Ол да, анау да шок жағдайда. Пышақтың ұшы кірген. Егер шамалы 1-2 милиметр болғанда жарақат ауыр болар еді. Күре тамыры кесіліп те кетуі мүмкін еді, – деді сынып жетекшісі Шолпан Жаркиева

Оқиға 30 қаңтарда болған. Оқушы қыздың бұған дейін де мектепте өз қолын өзі кескені белгілі болды, бірақ мұны мектеп әкімшілігі барынша жасыруға тырысыпты. Мұны жасырған директор мен психолог жұмыстан кетті.

Күдікті қыз бір емес, бірнеше рет осындай әрекетке барған екен. Оны мектеп әкімшілігі, әкімшіліктің басшысы, мектеп психологы жасырып келген. Бізге ешқандай ақпарат түскен жоқ. Алгоритм орындалған жоқ, – деді Тараз білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.

Оқушы қыздың анасы осы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол жағдайды жасыруды мектеп әкімшілігінен өтінгенін айтты. Ал қызының бұзыла бастаған мінез-құлқын осыдан үш жыл бұрын байқаған.

Үнемі басын қабырғаға ұратын. Өйткені ішіндегі дауыстар маза бермейтін. Өкінеді, бірақ өзінің істемегін айтады. «Маған дауыс айтты, істе деп» дейді. Шок алған. Пышақты қалай алғанын да білмейді. Былай, бәрі кесілген. Өзінің қолын кесіп тастаған. Сөйтіп үйге қан-қан болып келді. Алдында өзіне ауды. Агрессияға кеткен. Өзін жаралау, өмірден түңіліп кетті, не үшін өмір сүріп жатырмын деп, – деді анасы Назгүл Дінбаева.

Қазір осы оқиға бойынша полиция іс қозғап тергеу жүргізіп жатыр.

Аталған дерек бойынша полция қызметкерлерімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Жәбірленуші тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін госпитализациясыз үйіне жіберілді, – деді Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.

Қазір өңірде мектеп оқушысының оқыс әрекетінен кейін барлық мектепте тексеріс басталды.