Жоғарыда аталған сот органының қаулысымен азамат Н. Отарбаевқа айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Атыраулық Нұрлан Отарбаев жер мәселесі шешілмегендіктен жергілікті әкімдікте өзіне бензин шашып, өртеп жіберуге әрекеттенді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға 1 ақпанда болған. Неліктен мұндай қамдаға баруға әрекеттенгенін оның өзі айтып берді. Айтуынша, ол заңды түрде өзіне тиесілі жер телімін аламын деп бірнеше жылдан бері мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырған. Ол осы әрекеті арқылы "заңсыздыққа" бүкіл елдің назарын аудартқысы келген.
Үстіме бензин шашып, сіріңке жағайын деп оқталғанымда әкімдікте дүрбелең басталды. Қызметкерлер полиция шақырып, 8 көлік пен бір топ полицей келді. Әкімдік қызметкерлері орындарынан тік тұрып, сыртқа жүгіріп шықты. Қала әкімі Шәкір Кейкин келді, – деді Нұрлан.
Оның сөзінше, әкімдіктегілер өзіңді өртегеннен түк шықпайды, мәселең шешіледі деп шығарып салған.
Үйге барып, жуынып, демалып болған соң сағат 16.00-де әкімдікке келуімді сұрады. Келген полиция қызметкерлері мені наркологиялық диспансерге апарады деп ойлаған едім. Алайда олар мені жайбарақат шығарып салды. Олар айтқан уақытта әкімдікке қайта барып, қала әкімінің кабинетіне бардым. Онда екі тәртіп сақшысы отыр екен. Кейкін мәселенің шешілетінін, маған қала ішінде тағы бір жер телімін беретінін айтты. Сосын қуанып, әкіммен қол алысып, үйге жақсы жаңалықпен қайтпақ болдым. Бірақ әкімдіктің есігінен шыққанымда екі сақшы маған жақындап, түсіндірме хат жазу керек деп, қалалық Ішкі істер бөліміне алып барды. Онда олар маған хаттама беріп, қол қойған соң кетуге болатынына айтты. Қол қойған соң олар менің ұсталғанымды ресми түрде хабарлап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Келесі күні таңертең мені бұзақылық үшін соттап, 51 мың теңге айыппұл салды. Әкімдікте де, қалалық бөлімде де алданғанымды түсіндім. Түрмеде түнеп, Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге итермелеу") бойынша жауапқа тартылдым, - деді Нұрлан Отарбаев.
Осы жағдайға байланысты Атырау қалалық ІІД бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев пікір білдірді.
1 ақпан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11:45-те Атырау қаласының әкімдігіне азамат Н. Отарбаев келіп, өзіне бензин құйып, өзін өртеп жіберемін деп қорқытты. Осылайша ол жер мәселесінің шешілмеуіне наразылық білдірді. Осы аталған себептермен азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотына жіберілді. Жоғарыда аталған сот органының қаулысымен азамат Н. Отарбаевқа айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды, - деді полиция департаменті бастығының орынбасары Ә.Сейдуалиев.