Кептіргіште шамамен 10 тонна астық болғаны айтылды.
Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Предгорное ауылындағы элеватор өртенді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 8 наурызда болған. Элеватордың кептіру бөлігі өртенген. Ведомство таңғы сағат 6:30-да мәлімет берді.
Кептіргіште шамамен 20 тонна астық болған. Элеватордың шамамен 250 шаршы метр аумағы өртенген, - делінген хабарламада.
Ал таңертең сағат 10:30-дағы ақпаратта кептіргіште шамамен 10 тонна астық болғаны айтылды.
Өрттің ауданы – 120 шаршы метр. Сағат 10:11-де өрт оқшауланды. Оны сөндіруге ШҚО ТЖД жеке құрамынан 63 адам, 10 техника, 1 өрт сөндіру пойызы (құрамында 7 адам), «Васкен» ЖШС жеке құрамынан 6 адам және 1 техника, ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті ШҚО бойынша департаментінің өкілі жұмылдырылды, – деп мәлімдеді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.