10.04.2024, 19:00

«Тәжікстан азаматы теракт жасамақ болды» деп хабарлаған Астана тұрғыны ұсталды

Фото: pixabay.com

Полицейлер салдарын біле тұра жалған хабарлама жасау ауыр қылмыс саналатынын ескертеді.

Астана қаласының тұрғыны көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол «102» арнасына телефон соғып, Тәжікстан азаматының пәтерінде теракт ұйымдастырмақ болғанын хабарлаған.

Елордалық полиция департаментінің хабарлауынша, ведомствоның экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қаланың жалған хабарлама берген 41 жастағы тұрғынын анықтаған.

«Осы факті бойынша терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, азаматтың орташа дәрежедегі мас болғаны анықталып, ол Астана қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп мәлімдеді қалалық ПД баспасөз қызметі.

Полицейлер салдарын біле тұра жалған хабарлама жасау ауыр қылмыс саналатынын ескертеді.

«Болып жатқан лаңкестік актісі туралы хабарлау 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе бас бостандығын шектеуге немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген хабарламада.