10.05.2024, 17:00

Оқушы мектеп директорын атып өлтірді

Фото: pixabay.com

Оның Ирак азаматы екені анықталды.

Стамбұлдағы жекеменшік мектептердің бірінде атыс болды. 11-сынып оқушысы мектеп директорын атып өлтірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқушы тәртібінің нашарлығына байланысты мектептен шығарылған. Кейін мектептен шығарылғанына бірнеше ай өткеннен кейін өзі оқыған білім мекемесіне барып директорды кабинетінде отырған жерінен бес рет атқан.

Ауыр жарақат салдарынан 74 жастағы директор ауруханаға жеткізілген. Бірақ ол көп ұзамай қайтыс болды. Оқиғадан бернеше сағат өткенде 17 жастағы оқушы ұсталған. Оның Түркияда оқитын Ирак азаматы екені анықталды. Ауыр қылмыс жасаған жасөспірім қамауға алынды.

«Директормен көрші кабинеттерде отырамыз. Мылтық дауысын естіп сыныптан жүгіріп шыққанымызда директорымыз да дәлізге шықты. Сол кезде ол үсті-басы қан болды. Маған қарай адымдады да құлады. Не болғанын түсінбей директорымызды ұстамақ болдым, алайда күшім жетпей, ол кісі құлап түсті», - деді Кадрие Девежи.