Қылмыскерді таныған оқырмандар оның казинода жүретінін айтқан.
Алматы облысында бірге тұратын әйелі мен оның балаларын өлтіріп, олардың мәйіттері жатқан үйді өртеп жіберді деген күдікпен тұтқындалған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үш кісіні өлтіру бойынша қылмыстық істі қарады.
Бұл ер адам мас күйінде серіктесі мен оның екі баласын пышақтап өлтірген. Сосын үйдің есігін құлыптап шығып кеткен. Бірақ кейін оралып, 40 мың теңгені алып, үйді өртеп жіберген. Сөйтіп ізін жасырған қылмыскерді таныған оқырмандар казинода жүретінін айтып, полицейлердің тез арада тауып алуына септескен.
Бұл туралы «НЕМОЛЧИКZ» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету фондының жетекшісі Дина Таңсәрі өзінің телеграм арнасында жариялады.
Сотталушының кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденген.
Сот сотталушыны өзіне тағылған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, - деп хабарлайды Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі.
Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Дина Таңсәрінің жазуынша, тек қана «НЕМОЛЧИКZ» фондына қыркүйек-мамыр айлары аралығында әйелдерді өлтіру дерегі бойынша 22 оқиға тіркелген.