Атырау облысында полиция қызметкері адамды қағып өлтірді. Мұнан кейін ол оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ATPress.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 13 қазанда таңғы сағат 5-тің шамасында Исатай ауданы Зинеден аулындағы жолда орын алған. Аудандық полиция бөлімінің қызметкері жұмысынан тыс уақытта Audi А6 маркалы көлігімен келе жатып, адамды қағып кеткен. Мұнан кейін жол апаты орын алған жерден ізін суытыпты.
Апат салдарынан зардап шеккен 25 жастағы жігіт сол жерде көз жұмған.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Жол ережесін бұзып, салдары адам өліміне алып келуі» және «Жол-көлік оқиғасы орнын тастап кету» баптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды», - дейді полициядағылар.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшысына қатысты бұлтартпау шарасын қабылдау мәселесі шешіліп жатыр.