Kris_p_kz Instagram-парақшасында автокөлік жүргізген әйел адам өзге келіншектің көлігіне шабуыл жасаған фотосы мен видеосы жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Жәбірленуші ашуланған ханымның әрекетін көліктің ішінен түсірген. Видеода көлік сыртынан әйел адам өзге көліктің терезесін өрт сөндіруші құралмен сындырып, сүрткіштерін қолмен жұлуға тырысқанын байқауға болады.
Көлік ішінде отырған әйел оны полиция шақырамын деп қорқытпақшы болады. Осы сәтте видео үзіліп кеткен. Автоледи жариялаған суреттерге қарасақ, бұзалықық жасаған әйел әрекетін тоқтатпағанға ұқсайды.
Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 22 қазанда Алматы қаласының Әуезов ауданында болған.
«Оқиғаның егжей-тегжейлі жағдайлары анықталып, оған құқықтық баға берілетін болады», - деп түсіндірді департамент өкілі.
Аталған факті Әуезов ауданының ішкі істер басқармасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы «бұзақылық» бойынша тіркелді.
Тергеу барысында тиісті сараптамалар тағайындалады.