Ақсу қаласына қарасты Береке ауылында Советов көшесіндегі екі пәтерлік үйдің бірінде өрт шықты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Сағат 21.23-те № 13 өрт сөндіру бекетінен 10 шақырым қашықтықта өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Үйдің едені мен линолеум, палас жанған. Ақсу орталық ауруханасының жедел жәрдем бригадасымен 1989 жылғы үй иесіне алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ер адамның екі табанын 3 пайыз І және ІІ дәрежелі термикалық күйік шалған. Жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда», - дейді департаментте. Оқыс жайттың орын алуына пешті қолдану ережесін бұзу себеп болған. Шешім полиция бөлімшесіне тапсырылған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға № 13 өрт сөндіру бөлімінен 2 адам мен 1 автоцистерна, Достық ауылдық аймағының өрт сөндіру бекетінен 4 адам мен УАЗ көлігі жұмылдырылып, сағат 21.59-да сөндірілді. Сондай-ақ бүгін, 4 қарашаға қараған түні сағат 00.01-де Павлодар қаласында Березовая көшесінде жеке сектордағы үй мен монша, екі қабатты тұрғын үй жанған.
Өрт сөндірушілермен тексеру кезінде әйел адам құтқарылып, медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталуда. №1 өрт сөндіру бөлімінен 9 адам мен 3 автоцистерна, № 4 өрт сөндіру бөлімінен 4 адам мен 1 автоцистерна, газ-түтіннен қорғау қызметі өртті сағат 01.53-те сөндірді. Сағат 01.41-де Лермонтов көшесі, 81 мекенжайында орналасқан металл көлікжайда қоқыс пен 15 шаршы метрде үй заттары жанған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін 1959 жылғы көлікжай иесі Audi көлігін сыртқа шығарып үлгерген.