20.11.2019, 14:15

«Зорлықпен ұстап отыруы мүмкін»: тауда жоғалған қыз туралы ақпарат берген адамға ақшалай сыйақы беріледі

Бұған дейін жүргізілген іздестіру жұмыстары қыздың туыстарының өтініші бойынша тоқтатылған болатын.

Алматыда тауда жоғалған Әсел Панарғалиеваның туыстары ол туралы кез келген ақпаратқа ақшалай сыйақы берілетіндігін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құтқарушылар қызды 11 күннен бері іздеп жатыр. 

«Әзірге ешқандай хабар жоқ. Амалдың жоқтығынан кез-келген ақпарат берген адамға сыйақы тағайындап жатырмыз. Себебі, бізде басқа амалымыз қалмады. Оны біреулер зорлықпен ұстап отыруы да ғажап емес. 26 жастағы өзі өміріне өзі жауап бере алатын қыз өздігінен мұндай қадамға бармасы анық. Бұған дейін 1 ай Ақтауда болған, одан кейін 1 ай Түркияда болды. Жаман әдеттен ада. Тауды өте жақсы көретін. Әр сенбі-жексенбі тауға шығатын. Әлеуметтік желіде тарап жатқан телефон туралы ақпаратты қазір полиция тексеріп жатыр. Оның бәрі әлі анықталмаған ақпарат», - деді қыздың жеңгесі Маржан Ізғали. 

Қазір ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару жасағы іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Еске салайық, бойжеткеннің жоғалғаны туралы 10 қараша күні белгілі болды. Ол тау туризммен айналысып жүрген. 9 қараша сағат 13:00 шамасында ол Үлкен Алматы (Жосалы) көлінде түскен фотосын әлеуметтік желіге жариялаған. Одан кейін байланысқа шықпаған. 

Бұған дейін жүргізілген іздестіру жұмыстары қыздың туыстарының өтініші бойынша тоқтатылған болатын. Бірақ кейін Ә.Панарғалиеваның жақындары іздестіруді жалғастыруды қайта сұрады. Сонымен қатар, қызды іздестіруге альпинистер де жұмылдырылды. Мұның алдында Космостанция ауданында 9 қарашада сағат 13:00-дер шамасында қыздың таудан түсіп келе жатқанын адамдар көрген. Одан кейін полиция қыздың телефоны арқылы қаланың әр бұрышынан телефон қоңыраулары жасалғанын анықтады.

Тегтер: сыйақы Хабар