Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған азаматтың видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мессенджерлерде ер адамның жол апатын жасаған соң өзін Жемқорлыққа қарсы қызметте істейтінін дәлелдейтін куәлікті көрсетіп жатқаны түсірілген видео тарап жатыр. Ал видео авторы ер адамның Toyota Camry көлігін мас күйде жүргізген болуы мүмкін екенін айтады.
"Бұл оқиғаның 21 қарашада Павлодарда болғаны анықталды.Полицейлер ер адамды ұстады, ол ҚР Қылмыстық кодексі 190-бабының 4-бөлігі бойынша ("Бұзақылық") айыпты деп танылып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ұсталған. Көлігін тексеру барысында куәлігі табылмады. Ол куәлікті өртеп жібергенін айтқан. Қазіргі уақытта ол Алматы қалалық уақытша изоляторына қамалды", - деп хабарлады Жемқорлыққа қарсы қызметтегілер.
Сондай-ақ, агенттіктегілер күдіктінің осыған дейін де өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырғанын айтты. 2011 жылы ол өзін ІІМ қызметкерімін деп таныстырып, сотталған.