$ 448.15  483.46  4.86

Полицияға куәгер ретінде шақырылған жылқышы өз-өзін өлтірді

"Бұған дейін ол 48 бас жылқысы жоғалған адамға бұл қылмысты кім жасағанын айтқан. Осыған байланысты 21 қараша күні куәгер ретінде полицияға жауап алуға шақырылды", - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
фото: Alau.kz
фото: Alau.kz

Полиция қызметкерлері жауап алғаннан кейін Павлодар облысының тұрғыны туысының үйінің кіреберісінде өз-өзіне қол салды. Бұл туралы оның туыстары әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазады Sputniknews.kz.

Туыстарының айтуынша, 21 қараша күні Ақкөл ауылының екі жылқышысын жұмыс уақытында учаскелік полицей Екібастұзға алып кеткен.

Жолда жылқышы үйіне соғып, киімін ауыстырған. Учаскелік полицей не үшін ұстағанын білмейтінін айтқан. Оған жылқышыны полиция бөлімшесіне жеткізу тапсырылыпты.

Марқұмның туыстары жауап алу сағат 23:30-ға дейін жалғасқанын айтып отыр. Бұдан соң ер адам үйіне хабарласып, келесі күні сағат 10:00-де жауап алу жалғасатынын хабарлаған. Үйіне келетін ақшасы болмапты (Ақкөл Екібастұздан 68 шақырым жерде). Сондықтан қаладағы туыстарына барған. Ол жерге полицейлер жеткізіп салыпты.

Таңертең ол полицияға баруға жиналып жатқан. Бірақ, сағат 11:00-де әйелінің қоңырауына полиция қызметкері жауап беріп, оның өз-өзіне қол жұмсағанын айтқан.

Ер адамның туыстары куәгерлерді іздестіріп жатыр. Олар шындықты біліп, кінәлілер жазаланса дейді.

Павлодар облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Біләлова мұндай фактінің тіркелгенін растады. Ер адамның денесі туысының үйінің кіреберісінде табылған. 

"Бұл фактіге сәйкес, Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды", - деді ол.

Ер адамның туыстарының әлеуметтік желідегі жазбасына сәйкес, жеке қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. 1971 жылы туған азамат шаруа қожалықтардың бірінде жылқышы болған.

"Бұған дейін ол 48 бас жылқысы жоғалған адамға бұл қылмысты кім жасағанын айтқан. Осыған байланысты 21 қараша күні куәгер ретінде полицияға жауап алуға шақырылды", - деді Полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Полицейлер 22 қараша күні сағат 10:00-де Екібастұздағы үйлердің бірінде екінші қабатта ер адамның денесі табылғанын хабарлады.

"Бұл іс Павлодар облысы Полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімовтің жеке бақылауында. Өзге ақпарат хабарланбайды", - деп жазылған баспасөзге берілген ақпаратта.

Қарастырылып отырған бапқа сәйкес, кінәлілердің үш жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары