Павлодарда болған сұмдық жол апаты салдарынан комаға түскен 1 жасар қыз көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, сейсенбі күні бүлдіршін санитарлық авиацияның көмегімен облыстық балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілген еді. Артынша бір сағат өткеннен кейін қыз бала есін жимай жатып көз жұмыпты.
"Қыз баланың бас сүйегіне қатты зақым келген, мидың шайқалуы, миға қан кету секілді жарақаттар алған. Жан сақтау бөліміне жеткізу кезінде қыздың екі рет жүрегі тоқтап қалды, бірақ екі рет те дәрігерлер қолынан келгеннің барлығын жасап, құтқарып қалған еді. Балалар ауруханасында томография жасалып, алдынғы диагноздар расталды. Алайда ауруханаға жеткен соң біраз уақыттан кейін қыз ауыр жарақаттардың себебінен есін жимай, көз жұмды", - деді Павлодар облыстық балалар ауруханасының директор қызметін орындаушы Ирина Орсагош.
Естеріңізге сала кетейік, жол апаты 2 желтоқсан күні Павлодар-Ертіс тас жолында болған еді. 55 жастағы KIA көлігінінің жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, онда келе жатқан ВАЗ 21093 автокөлігіне барып соғылған. Салдарынан бірінші көліктің жүргізушісі оқиға орнында, ал оның жанындағы әйел жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Бұған қоса 2 ересек пен 5 бала ауруханаға жеткізілген.
Бұған дейін жол апаты салдарынан Павлодар облысында зардап шеккен 1 жасар қыз бала комада жатқандығы туралы айтылған еді.