23.12.2019, 10:30

Тұрмысқа шығу үшін шекара асқан қазақстандық аруды Ресейден күштеп шығарды

фото: 123rf.com
Әйтсе де, ресейлік азаматтың ата-анасы ұлдарының Валентинамен шаңырақ көтергеніне қарсы болады.

Ресей аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылған қыз сол елдің азаматына тұрмысқа шықпақшы болған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстандық қыз интернет арқылы ресейлік азаматпен танысып, сөздері жарасқандықтан, көп ұзамай шаңырақ көтереміз деген шешім қабылдайды. Екеуара сөз байласқаннан кейін Қазақстан тұрғыны Валентина Вологод облысының Никольск қаласына барған. Сөйтіп, Ресейде тұру үшін 2022 жылдың 21 тамызына дейін уақытша тұруға рұқсат алады.

Әйтсе де, ресейлік азаматтың ата-анасы ұлдарының Валентинамен шаңырақ көтергеніне қарсы болады. Оған қарамастан, қыз елге оралуға әсте асықпайды. Сол аралықта бір үйден екінші үйге көшу мәселесімен бас қатырып жүргенде, қазақстандық ару тіркеусіз қалған көрінеді. Соның салдарынан, оған Ресей валютасымен 2 мың рубль айыппұл салады.

Қазір Валентина жаңа тұрақжай тапқанға ұқсайды. Десе де, белгілі бір себептерге орай, әзірге Ресейдің тұрғыны ретінде тіркеуге алынбаған. Сондықтан да Валентинаны Никольск қаласының соты миграциялық есептің ережесін бұзғаны үшін кінәлі деген шешімге келген.

Бұл жолы оған 5 мың рубль шамасында айыппұл салған. Бұнан бөлек, екінші мәрте ереже бұзғаны үшін Ресей аумағынан мәжбүрлі түрде шеттетілді. Валентина сот шешімін апелляцияға берген, бірақ, шағымы негізсіз деп танылды.

Айтпақшы, Ресейде Валентина тұрған үйдің иесіне де айыппұл салынған. Себебі, үй иесі тұрақты мекенжай туралы жалған ақпарат берген.