6 жастағы бала ашық қалған құдыққа құлап кетті, деп жазады Алау-ға сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
«26 желтоқсан күні сағат 13:30 шамасында мен әйелімді Гоголь сұлулық салонына апардым, ал өзім балаларыммен саябақта серуендемек боп шештім. Балаларым артымда келе жатқан, кенеттен кенже ұлымның "Әке, Мансұр құдыққа құлап кетті" дегенін естіп, жалт қарадым. Шынымен де үлкен ұлым болмады», - деді баланың әкесі Берік Игіліков.
Әкесінің айтуынша, қалың қардың астында құдықтың аузы ашық қалған. Сол себепті, мүлде көзге түспейді. Құдық Гоголь - Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан.
«Қуанышымызға орай, қасымыздан ұзын бойлы бір жігіт өтіп баратқан болатын, ол лезде маған көмекке ұмтылды. Құдықтың ішіне түсіп, баламды шығарып алды. Балам бетонға арқасымен құлапты. Біз дереу ауруханаға барып, бір түнге сол жерге қалдыруды жөн көрдік. Балам қатты зардап шекпеген, тек тілін тістеп, шынтағын сындырып алған», - деді әкесі.