08.01.2020, 02:20

Қостанай облысында браконьерлер айналдырған 8 құланның біреуін атып әкетті

Қазақстандық биоалуандылықты сақтау қауымдастығының өкілдері даладан жануардың GPS-хабарлағышы мен басын тапты.

Қостанай облысының «Тасты» шаруашылығы маңында 2018 жылы далаға жіберілген құландардың бірін браконьерлер атып алып, басын тастап кетіпті. Бұл туралы бүгін Қазақстандық биоалуандылықты сақтау қауымдастығының facebook парақшасында жазылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қауымдастық өкілдері даладан жануардың GPS-хабарлағышы мен басын тапты. Себебі, олар құланның мойнына тағылған GPS-хабар беретін құрылғының ешқандай белгі бермегенінен күдіктенген. Содан құрылғыны іздемек болып, даланы шолуға шығады.

Осылайша, құланның аналығы өлтірілген жерден көлік ізі де табылды. Жануардың браконьерлер құрбанына айналғаны туралы хабар Қостанай облысының Арқалық қалалық полиция басқармасына жіберілді.

Қазір осы жағдай бойынша «қызыл кітаптағы жануарға браконьерлік шабуыл жасады» деген баппен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Айта кетсек, осы және тағы 8 құланды 2018 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті, сондай-ақ, Орталық Қазақстанда құландардың популяциясын қалпына келтіру жөніндегі шетелдік әріптестермен бірлескен бағдарлама аясында далаға жіберген болатын.