Жаңа жыл басталғалы сырғанақтан жарақат алғандар жиіледі. Елорданың өзінде соңғы 6 күнде осындай 100-ге жуық жағдай тіркелген, деп хабарлайды 24.kz.
Тіпті, дәрігерлер кейбіріне операция жасауға да мәжбүр болыпты. Дене жарақатымен келген әрбір үш науқастың біреуі сырғанақтан зардап шеккен. Әсіресе, биыл осындай орындарға көңіл көтерем деп барып, аяқасты майып болып жатқандар көп. Биік сырғанақта бір-біріне соқтығысқан балаларда сіңірдің созылуы, бас-ми жарақаты және сүйектердің сынуы сияқты жағдайлар жиі кездеседі екен.
«Ең ауыр жарақат осыдан 2 күн бұрын Шортанды ауданынан келді бала. Өздері қолдан жасаған катокта құлаған. Содан бала 1,5 сағат далада жатып қалған. Оның сан сүйегі сынған. Қазір операцияға дайындап жатырмыз», - дейді қалалық №2 балалар ауруханасының травматолог дәрігері Олжас Байназаров.
Жарақаттың жиілігі мереке мен демалыс күндерінің қатар келуіне де байланысты. Өйткені, дәл осы уақытта сырғанақтағы адамдар саны еселеп артады. Осыны ескерген қалалық әкімдік әр орынға бір-бір бақылаушыдан қоюды жөн көріпті. Яғни, сырғанақ маңында кәсібін дөңгелетіп отырғандар сол мұздағы қауіпсіздікті де жіті назарда ұстауы қажет.
«Сағат 11-ден түнгі сағат 12-ге дейін тұрамыз осында. Тоңбаймыз. Суықты да сезбейміз. Өз еркіммен адамдарға көмектесем. Мына жерде бір-біріне соғылмау үшін балалардың қауіпсіздігі үшін осы жерде тұрамын», - дейді жеке кәсіпкер Айнұр Әбубәкірова.
Бақылаушының болғаны жақсы, әрине. Бірақ, ең алдымен әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін ұмытпау керек дейді дәрігерлер. Әсіресе, «жабайы сырғанақтарда» жарақат алу ықтималдығы жоғары.
Айта кетейік, қазір елордада арнайы жоспармен жасалып, қауіпісіздік шаралары қарастырылған 30-ға жуық сырғанақ бар.