Түркістан облысында оқушы мен студент арасындағы жанжалдыың соңы пышақтасумен аяқталды. Оқиға Арыс қаласында болған. Мектеп оқушысы мен колледж студенті төбелесіп, студент жеңіліп қалады. Құрдасынан жеңілгенге арланған бозбала көмекке достарын шақырыпты. Сөйтіп, төрт жігіт 10 сыныптың оқушысын пышақтап тастаған. Көп қан жоғалтқан бала қазір аудандық ауруханада жатыр, деп хабарлайды КТК.
Көп қан жоғалтып, түнделетіп жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген 16 жасар Эльхан Махсумов Арыс ауруханасында жатыр. Бес рет пышақталған 10-шы сынып оқушысына дәрігерлер бірнеше ота жасапты. «Дер кезінде келмегенде, өліп кетуі әбден мүмкін еді», - дейді дәрігерлер.
"Пышақ тыққан жері жамбасының орта жерінде біреу, санының артқы бөліміне төрт жерден тыққан. 3,5,7 сантиметр де терең, орташа жарақат", - дейді Арыс аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Талғат Тәжіметов.
Палатада жатқан Эльхан мен жанындағы анасы камераға ашық сөйлегісі келмесе де, болған жайтты айтып берді. 10 сыныптың оқушысына өзінің танысы әрі құрдасы колледж студенті тиісіпті. Күші мығымырақ Эльхан оны төбелесте жеңген. Бірақ «жеңілген күреске тоймас» деген қарсыласы 10 сыныпта оқитын өзге үш оқушыны көмекке шақырады.Түнделетіп Эльханды дүкеннің жанында күтіп алып, бәрі жабылады. Бұл кезде Эльханның қасында досы болған екен. Екеуі қашпақ болғанда Эльханды қуғыншының бірі пышақтап тастаған. Төбелеске екі шәкірті қатысқан мектеп басшысы оқушыларын мақтап отыр.
"Ілес Заңғар көзі көгеріп үйіне барады. Үйінде анасы 102-ге хабарласуға оқталады, бірақ хабарласпайды.Туысқан ағасына айтып, «баланы ұрып кетті» деген хабар жетіп, алты бала содан жиналған деп естідім. Арасында менің екі оқушым да ілесіп отыр", - дейді Б.Момышұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры Мейіркүл Асқарова.
Төбелеске қатысқан 16-17 жастағы балалардың барлығы бұрын-соңды тәртіпсіздігі болмапты-мыс. Еш жерде есепте жоқ. Дегенмен, полицейлер қазір суық қаруға жақын 16 жастағы оқушыны тергеуде.
"Жедел іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, уақытша қамау изоляторына қамауға алды. Қазір аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 24-бөлігі, 99 бабы – «адам өлтіруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде",- деді Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.
Енді тым ауыр баппен тергеліп жатқан кәмелет жасына толмаған ұлдың тағдырын сот шешетін болады. Оның жанындағы оқушылардың да жазаға ілінер-ілінбесі белгісіз. Әзірге анығы, 18 жасқа да толмай кешқұрым көше кезген балалардың ата-анасына әкімшілік айыппұл салынады.