20.01.2020, 12:20

Шетелде тіркелген көлікпен жүргендер жанармай бекетін тонады

Күдіктілер ірі соманы иемденген жағдайда шетел асып кетуді ойлаған. Көлікте шетелдік нөмірдің болуы және оның Қазақстанда есепте тұрмауы тергеуді қиындата түскен.

 Атырауда жанар-жағармай құю стансасына жасалған қарақшылық шабуылдың мән-жайы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Сотқа дейінгі тергеу барысында белгілі болғандай, ер адамдар 9 қаңтар күні Датов көшесінің бойындағы жанармай құю стансасын тонауды алдын ала жоспарлаған. Қылмыстық топ шет мемлекетте есепте тұрған Lada 21101 көлігімен жүрген. Күдіктілер ірі соманы иемденген жағдайда шетел асып кетуді ойлаған. Көлікте шетелдік нөмірдің болуы және оның Қазақстанда есепте тұрмауы тергеуді қиындата түскен. Алайда, видеобақылау камераларының арқасында жедел қызметкерлер тонаушылардың ізіне түсіп, бір тәулік ішінде қолға түсірді. Көліктің салонынан ақша, травматикалық тапанша, бетперделер табылды. ҚР ҚК 192-бабы 2-бөлігі «Қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - деді өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

 Еске салайық, Атыраудағы С.Датов көшесінде орналасқан жанармай бекетіне 9 қаңтар күні таңғы 05.40 шамасында қарақшылық шабуыл жасалған еді. Жанармай бекетiне баса-көктеп кiрген белгісіз екеу күш қолдану арқылы күзетшi мен кассирдi қорқытқан. Жалпы сомасы 268 мың теңгені алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Қылмыс ізі суымай ашылды. Оқиғаға қатысты 1994 және 1995 жылдары туған екі күдікті ұсталды.