55 жастағы Жезқазған тұрғыны 14 жылға сотталды. Ол досын өлтіріп, мәйітті бөлшектеп тастағаны үшін бас бостандығынан айырылып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Astana.tv-ға сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы адам досының үйіне қонаққа барған. Досы екеуі ішімдік ішіп масайып және есірткі қолданған соң, ол қыз құрбысын досының үйіне шақырмақшы болады. Сол кезде әлгі досы (марқұм болып кеткен) оның бұл әрекетіне қарсы шығады. Осы кезде сотталушы адам оның кедергі келтіруін жою мақсатында пышақпен соққы жасайды. Кейін, салқынқанды түрде, мізбақпастан мәйітті сойып, дене мүшелерін бөлшектеп, Кеңгір су қоймасы мен жылу магистралінің жағасында әр жерге жасырған. Сөйтіп, сотталушының мәйітті суға жібергені анықталды.
Сотталушы бұрын бұзақылық әрекеті үшін сотталған, бірақ, 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған екен.
"Жезқазған қаласының тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылды. Ол 14 жылға сотталды. Жезқазған қалалық сотының үкімімен бұның алдындағы жазасының өтелмеген бөлігін ішінара қосып, оған 14 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Г.Житикова.