Алып қашу мен зорлықтың құрбаны болған 20 жастағы қыз "ар-намысымды аяққа таптаған кінәлі адам жазадан құтылып кете ме" деп алаңдайды. Оның білуінше, бұл іске қатысы бар тағы бірнеше адам тергеуден тыс қалған. Алып қашу оқиғасын бастан өткізген қыз бірден полицияға арызданған. Бірақ, әлі күнге дейін істің нәтижесі шықпаған көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Astana.tv-ға сілтеме жасап.
Бет-әлпетін көрсетпеуді өтінген қыз өзін бейтаныс жігіттер 3 желтоқсан күні алып қашқанын айтты. Жәбірленушінің айтуынша, таңертең жеңгесімен бірге оқуға шыққанда оны көлікке басып салып, әкетіпті.
"Әуелі көрші Кентау қаласына апарып, көнбегесін Шымкенттегі туыстарының үйіне күштеп кіргізді. Қарсыласқаныма қарамастан сол жерде арам ойын да жүзеге асырды. Отырған кезімде бірден тап берді маған. Түнгі сағат бір-екілерде ...сол ... «сені өлтірем, егер сондай болмаса... жыныстық қатынасқа түспесең. Маған уже тап беріп қойған, менің алдымда соны айтып жатыр. Одан кейін мен айқайладым. Оны ұрдым. Көмек шақырдым көмектесіңіздерші деп, сыртта жеңешелері отырған екен... одан кейін ол жыныстық қатынасқа... Біздің полиция Түркістандағы полициялар ешқандай іс жүргізіп жатқан жоқ... Кешірім сұрап кеп жатыр. Бриллиант тағамыз, үйтеміз-бүйтеміз деп кеп жатыр. Не істесең істе дейді. Ақшам көп, ақшамен сатып алам бәрін дейді", - деп мұңын шақты жәбірленуші.
Ол бірден полицияға арыз тастапты. Дегенмен, іс содан бері созбалаңға салынып келе жатқан көрінеді. Қыз болса, "адам ұрлап", "зорлаған" жігіт кепілмен босап шыққанын түсіне алмай әлек.
Осы факті бойынша Түркістан қаласы ПБ қызметкерлерімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 2-бөлігі (зорлау) және 125-бабының 2-бөлігі (адам ұрлау) бойынша тіркеуге алынып, іс қозғалған.
Бұл жайтқа күдікті ретінде 1996 жылғы азамат ұсталып, тексеру жүргізілді. Сот шешімімен күдікті азамат "кепілмен" босатылған. Сонымен қатар, сараптамалар тағайындалып, олардың қорытындысы бойынша зорлау жайты расталған. Бүгінгі таңда осы оқиғаға қатысы болуы мүмкін деген тағы да 3 ер азаматқа қатысты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.