«Астана Арена» спорт кешенінің төбесі құлап кетті. Бұл оқиға туралы Джамиля Акмолдаева есімді Facebook қолданушысы парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қолайсыз ауа-райына байланысты, бүгін сағат 08:00 шамасында, спорт кешенінің төбесіндегі поликарбонат плиткалары құлады. Соның салдарынан шатырды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккендер жоқ», - деді «Астана Арена» спорт кешенінің директоры Дмитрий Антоничев.
Кешен директорының сөзінше, шатырға көтеріліп шығып, төбедегі қарды алып тастау мүмкін болмаған. Себебі, спорт кешенінің төбесі шыны плитадан жасалған екен.
Әлеуметтік желі қолданушының оқиға орнынан түсірген видеосынан шатырдың кішкене бір бөлігі опырылып кетіп, жерге қар немесе мұз секілді заттардың құлап түскенін байқауға болады.