21.02.2020, 12:20

Полиция желіде тараған жанармай құю бекетіндегі төбелесті тексеріп жатыр

Қолында пышақ тектес зат болған ер адамның ісіне құқықтық баға берілетін болады.

Алматы полициясы жанармай құю стансы маңындағы төбелесті тексеруге кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әуезов ауданында болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланған. Екі жүргізуші жанармай құю бекетінде колонкаға таласып жаға жыртысқан. Біреуінің қолында пышаққа ұқсас зат болған. Қалалық полиция департаменті аталған оқиғаға байланысты ешкім арызданбағанын хабарлады.

«Әлеуметтік желідегі жазбаны тексеруге кірістік. Жүргізушілер жанармай құю бекетінде кезек бөлісе алмаған. Екеуі де бір-біріне зақым келтірмеген. Екеуінен де түсініктеме алынды. Бір-біріне айтар шағымы жоқ. Қолында пышақ тектес зат болған ер адамның ісіне құқықтық баға берілетін болады», - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.