23.02.2020, 03:00

Ақтөбеде 5 адамды мылтықпен атқан күдіктілер ұсталды

Ваз-2114 маркалы ресейлік нөмірлі көлік пен екі қару тәркіленді.

Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген бес адамның бәріне оқ тиген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқиға 20 ақпанда орын алған. Сол күні сағат 22:10-да Хромтау аудандық ауруханасына оқ тиген 5 адам жеткізілген. 

Бұл жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов: "Жедел тергеу тобы құрылып, үш күдікті ұсталды. Олар бар кінәны мойындады. Күдіктілер адамдарды атқан соң, 16 калибрлі екі аңшы мылтығын Бөгетсай ауылы маңындағы Ор өзенінің көпір астына жасырып қойған. Ваз-2114 маркалы ресейлік нөмірлі көлік пен екі қару тәркіленді», - деп хабарлады. 

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалды. Оқиғаның себебі анықталуда. Күдіктілер уақытша тергеу изоляторына қамалды.