Бүгін Қарағандыдағы жүк көліктері тұратын бокста өрт шығып, салдарынан тілсіз жау 2000 шаршы метр аумақты шарпыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
22 ақпанда сағат 17: 04-те Қарағанды қаласының Октябрь ауданында өрт пайда болғаны туралы хабар келіп түсті. Байжанов шахтасының маңында жүк көліктеріне арналған бір қабатты бокс жанған. Ғимараттың шатыры мен ішіндегі 7 жүк көлігі жанып, 2000 шаршы метр аумақта төбенің құлауы орын алды.
«19 сағат 04 минутта өрт сөндірушілер өртті толықтай жойды. Тілсіз жаумен күреске Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамынан 65 адам мен 17 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Өрттің алдын ала себебі – пеш жабдығының ақаулығы», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.