28.02.2020, 12:20

Таяу Шығыс елдеріне контрабандалық жолмен ителгі құсын шығарумен айналысқандар ұсталды

Заңсыз әрекетінен мемлекетке келтірілген зиян бірнеше миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Шымкент қаласында және Маңғыстау, Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бірқатар трансұлттық топтардың заңсыз әрекетінің жолын кесілді. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Күдіктілер ұзақ уақыт бойы Қызыл кітапқа енгізілген ителгі құсын заңсыз аулаумен, кейіннен оларды Қазақстан-Өзбекстан және Қазақстан-Қырғызстан шекаралары арқылы Таяу Шығыс елдеріне контрабандалық жолмен шығарумен айналысқан", - делінген ҰҚК-нің хабарламасында.

Мамандардың есебі бойынша, көрсетілген қылмыстық топтардың заңсыз әрекетінен мемлекетке келтірілген зиян бірнеше миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға қатысты ҚР ҚК 339-бабы 2 және 3-бөліктері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеу жұмыстары жалғасуда.

Тегтер: Тергеу ҰҚК