05.03.2020, 14:20

«Сөзге келіп қалған»: Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақ жігіті отандасын пышақтап кетті (ФОТО, ВИДЕО)

4 күндік ем-дом және кешегі жасалған операцияны қосқанда төлейтін ақша 4 637 000 вон болып тұр.

29 ақпан күні кешкі 8-дер шамасында Тхэбек (Taebaek) қаласында тұратын отандасымыз Керімов Билібекті пышақтап кетті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Сұмдық жаңалықты Кореядағы қазақ қауымдастығының Instagram-дағы ресми парақшасы хабарлады. 

Ресми парақшаның хабарлауынша, Билібекті 15 жерден пышақтап кеткен Акимханов Арман есімді отандасымыз көрінеді. Билібектің сөзінше, жұмыс барысында екеуі сөзге келіп қалған. Кешке мәселені шешуі үшін Арман оған есік алдына шығуын сұрап, пышақтап кеткен. Жергілікті полиция Арманға іздеу жариялаған болатын.

Нәтижесінде, осы материалды дайындап отқан сәтте жоғарыда көрсетілген парақшада оның ұсталғаны туралы хабар келіп түсті. Хабарламада іздеу салынған ақпараттың өшірілгені жазылған.

Жарақаттанған азамат Каннын қаласындағы Gangneung Asan Hospital (강릉아산병원) ауруханасына орналастырылды. Бастапқыда жарақаты қасақана шабуылдың нәтижесінде болғандықтан аурухана Билібектен ақша талап етпеді. Полиция ол ақшаны шабуылшы ұсталған кезде өндіріп алатынын айтқан болатын. 

Билібек 10 күндей ауруханада ем қабылдап, үйге шығарылады. 1 айдай дәрігердің бақылауында болады. Ол үйінің жалғыз асыраушысы болғандықтан Кореядағы жұмысын жалғастыруға ниетті. 

Билібектің жанында жәрдемдесіп жүрген досы Мұхтар оның қазіргі жағдайын баяндап берді.

"Билібектің мойнына жасалған операциясы сәтті өтті. Арманнан емнің ақшасын өндіріп алу екіталай екенін түсінген полиция Билібектің емінің ақшасын өтеп беруден бас тартты. Тергеушілер Билібектен аурухананың ақшасын төлеуді талап етіп отыр. Болашақта Арманнан аурухананың ақшасын сот өтер-өтемесін шеше жатар. 4 күндік ем-дом және кешегі жасалған операцияны қосқанда төлейтін ақша 4 637 000 вон болып тұр.

Тағы 4-5 күн палатада жатуы тиіс. Әр жатқан күніне 300 000 воннан қосылып отырады. Сонда 6 000 000 вон шамасында шықпақшы", - деп мәлімдеді Билібектің досы.

Сонымен қатар ол Қазақстандықтардан көмек сұрайды. Аз уақытта осыншама қаражатты жинай алмайтынын ескеріп, көмек қолын созуға дайын көпшілікке реквизиттерді ұсынды. 

"Мұхтардың телефон номері: 010-8320-9661 Каннын қаласындағы Gangneung Asan Hospital (강릉아산병원) ауруханасында жатыр. Қазақстанда көмектесемін деген жандар болса, Каспи Голд карточкасына аудара аласыздар! Билібектің Kaspi Gold картасы жоғарыда көрсетілген. Телефон нөмірі бойынша ақша аудару: Билібек Бердібекұлы 87477116816", - деп қосты Мұхтар.

Тергеушілердің сөзінше, Билібек Арманға кешірім бергенімен, бәрібір жазадан қашып-құтыла алмайды. Қасақана қылмыс жасағандықтан қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны анық.

Елшілік кәріс тілі бойынша аударма жағынан ғана көмек бере алатындарын жеткізді.