Кеше Батыс Қазақстан облысының Сайқын кентінде №10518 Саратов – Астрахан бағытындағы жүк пойызының бес вагоны рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Төтенше жағдай түнгі 23:00 шамасында болған. Белгілі болғандай, аударылған пойыз вагондарына астық тиелген.
«Болжам бойынша апатқа, дөңгелектегі жарықшақ себеп болуы мүмкін. Бес вагон (№14, 15, 16, 17, 18) рельстен шығып кетті. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Апатқа байланысты, жолаушылар мен жүк пойыздары басқа жолмен жүреді», – деп мәлімдеді БҚО Төтенше жағдайлар департаменті.
Төтенше жағдайды жоюға «Ресей темір жолы» ААҚ-ның 16 жұмысшысы мен БҚО ТЖД-ның төрт қызметкері жұмылдырылған.
Тағы оқи отырыңыз: Жолаушылар пойызы Аршалы маңында жайылған 11 жылқыны жайратты (ВИДЕО)
«Қазір арнайы қызметтер жөндеу жұмыстарымен айналысып жатыр», – деп атап өтті Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рақымжанов. Ал қазір төтенше жағдайға байланысты тексеріс басталғандықтан, оқиғаның нақты себебін құзырлы органдар анықтайды.