Бүгін еліміздің оңтүстік өңірлерінде сапасыз салынған тұрғын үйлер мен ғимараттар қатты соққан желдің екпініне төтеп бере алмай жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Атап айтқанда, Шымкент және Түркістан шаһарларында бірнеше шатырлар ұшып, кей шағын аудандар жарықсыз қалса, Қызылордадағы жағдай одан да сорақы. Редакциямызға жергілікті тұрғын жіберген видеодан қала орталығындағы Болашақ университетінің жоғарғы бір бөлігі опырылып құлап түскенін көруге болады.
Ал Шымкент қаласының ТЖД мәліметінше, наурыздың 23-інен 24-іне қараған түні қалада желдің екпінінен шатырлардың қирауы туралы 11 хабарлама келіп түскен. Мысалы, Абай ауданында – 5, Қаратау ауданында – 4 және Еңбекші ауданында 2 ғимараттың шатыры ұшқан. Соның салдарынан, 12 шағын ауданның электр энергиясы өшірілген.
фото: ernur.kz
Сондай-ақ, мұндай жағдай Түркістан облысында да болған. Күшті желдің салдарынан өңірдегі үш мектеп пен тұрғын үйдің шатыры ұшып кеткен.