02.04.2020, 22:50

Алматыда мас жүргізуші бекет тосқауылын бұзып өтіп, полиция қызметкерін ауыр жаралады (ВИДЕО)

Қызметтік көліктің жүргізушісі, полиция аға сержанты Мереке Отарғазы екі аяғының сынығымен жедел ауруханаға жеткізілді.

Алматы қаласында мас жүргізуші бақылау-өткізу бекетіне кіріп кетті. Бұл жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 15:00-де Алатау ауданында болған, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Алматы облысы, Қарасай ауданы, Көксай ауылының тұрғыны, 1970 жылы туған А. есімді азамат «Тойота Ипсум» маркалы автокөлікті басқарып келе жатып, Жаңа Ғасыр көшесінің солтүстік бағытында №4 бақылау-өткізу бекетіндегі металл турникетпен соқтығысқан. Әрі қарай қозғалысты жалғастыра отырып, жүргізуші тоқтап тұрған «Киа» маркалы полиция көлігімен бетпе-бет, содан кейін шетте тұрған «Лада Приора» мен «Тойота Камри» көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан қызметтік көліктің жүргізушісі, полиция аға сержанты Мереке Отарғазының екі аяғы сынып, жедел ауруханаға жеткізілді. Болжам бойынша, минивенді мас жүргізуші басқарған. Енді ол алкогольге немесе есірткіге мас болғандығын анықтау үшін медициналық тексерістен өтеді.

Бақытымызға орай, бекетте тұрған адамдар көп болғанмен, басқа азаматтар зардап шеккен жоқ: бірнеше бөлімнің өкілдері осында қызмет етеді», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұл факт облыстың сотқа дейінгі тергеуінің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелген. Қылмыстық іс жүргізуді Алматы облысының ПД қызметкерлері аумақтық бөлінісі бойынша жүргізеді.

Тегтер: Алматы бекет