Кеше Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин еліміздің үш өңірінде соққан қарлы боран мен қатты дауылдан кейін үзілген электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары кешке дейін аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әрине, тиісті мекеме өкілі бұл ретте бір күннің шаруасы деп баған сымдарын жалғауды ғана айтқанмен, дүлей дауыл көптеген ғимараттардың шатырын ұшырып әкетіп, терезе, қабырғаларын да қиратып тынған еді. Ал олардың құрылысының бүгін-ертең біте қоймасы анық. Себебі, саусақпен санап аларлық емес, бақандай 395 нысан бүлінген.
«6-8 сәуір аралығында Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары аумағында дауылды жел болды. Осының салдарынан электр энергиясымен қамтамасыз ету желісінің өшірілуі орын алды, түрлі ғимараттардың шатыры қирады.
Жалпы алғанда, аталған кезеңде үш өңірдің аумағындағы 395 нысанға зақым келді. Оның ішінде Ақмола облысында – 210, Қостанай облысында – 92, Солтүстік Қазақстан облысында – 93», - деді Юрий Ильин, Орталық коммуникациялар қызметінде.