Ақтөбелік шаруалар өріске кеткен малы қырылып жатқанын айтып, алаңдап отыр. Жағдай көктем шыға ушыға түскен. Малдың неден өлгеніне сараптама жасап, нәтижесін білгенде, төбе шашымыз тік тұрды дейді, деп хабарлайды Еуразия бірінші телеарнасы.
«Қазір малымыз қыстан шығып жатыр. Айнала толы целлофан. Ол желмен бүкіл жерге ұшып жатыр. Бұзауларымыз, сиырларымыз соны жеп, осы соңғы бір айдың ішінде 3 бұзауым арам өлді. Вскыртие жасағанда целлофан шықты ішінен», - дейді шаруа қожалығының қожайыны Руслан Шүйіншалин.
Малдың аузы көкке тиіп, енді оңалады деген кезде бұзаулары бірінен соң бірі арам өлгесін, Руслан сақтыққа көшіпті. Сауын сиырдың бұзауын жайылымға шығармай қойған. Қора-қопсының маңынан ұзатпайды. Жем-шөбін беріп, қолда ұстауға мәжбүр.
Қыр басынан қарасаң, Маржанбұлақ тура алып қоқыс жәшігінің ортасында тұрғандай. Тау болып үйілген, айналасында қоршау да жоқ. Полигон деуге келмейді. Тұрмыстық қалдық та, көне жиһаз, киім-кешек бәрі шашылып жатыр. Аттап бассаң, аяққа целлофан пакеттер оратылады. Ал таяқ тастам жерде сиырлар жайылып жүр. Тұрғындар бас-аяғы 2 мың бас іріқараны ауылдың маңындағы осы өріске жаямыз деп отыр. Бірақ, бұзаулар қырыла бастағаннан кейін енді не болады деп алаңдап қалғандарын айтты.
«Бұл ұшып жатқан целлофанды жинап, ретке келтіреміз. Бір аптада қалпына келтіреміз. Аудан әкімдігімен де сөйлестім. Ол кісілер де техника бөлеміз деді. Екі техника келіп, осы жерде жұмыс істеп, барлығын қалпына келтіреміз», - дейді Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі Жомарт Шабаров.
Барлығын қалпына келтіреміз деген ауыл әкімі 7 гектар аумақты тазартуға 4-5 адамды ертіп келген екен. Бірақ, ол жұмысшылардың қолымен өнетін жұмыс емес еді. Шенеунік аумақ бұрын колхоз кезінен қалған полигонның орны екенін айтты. Қазір бұл маңға қоқыс төгуге тыйым салынған. Бірақ, сол тиымға құлақ аспайтындар да бар екен.
Арасында қоқысын қаладан алып келіп, төгетін тәртіпсіздер де болған. Оларды ұстап, айыппұл салыпты. Қазір аудан әкімдігі ауыл маңынан арнайы полигон салу үшін 6 гектар жер бөлген. Қазір құжаттарын ресімдеп жатыр. Ол дайын болғанша, ауылдықтар қоқысын қайда шығарады, ол жағы әлі белгісіз.