20.04.2020, 09:40

«Уайымдауға негіз жоқ»: Атырау облысында кеншілер бас көтерді (ВИДЕО)

"Болашақ" кентінің тұрғын үй блоктарына таңертең ерте үйлеріне жіберілетін қызметкерлер қоныстанған.

19 сәуір күні кешкісін әлеуметтік желілерде "Теңіздегі "Болашақ" вахталық кентіндегі толқулар" деп аталған видео тарай бастады, деп хабарлайды Stan.kz.

zello_atyrau инстаграм парақшасында оқиға орнынан түсірілген бірнеше ролик жарияланды. Кадрлардан адамдардың бір ғимараттың алдында жиналғанын байқауға болады. Видеолардың бірінде әйнектің, сынған шынының және қатты ұрысқан адамдардың дыбысы естіледі.

"Ақ Жайық" басылымының хабарлауынша, толқудың себебі - коронавирус. Жұмысшылар ауруды жұқтырудан қорқып, басқа вахталық кенттерден қызметкерлерді қоныстандыруға қарсы шыққан.

Алайда, "Теңізшевройл" компаниясының баспасөз қызметі  "уайымдауға негіз жоқ" деп мәлімдеді. "Болашақ" кентінің тұрғын үй блоктарына таңертең ерте үйлеріне жіберілетін қызметкерлер қоныстанған. Олардың барлығы экспресс-тестілеуден өткен, бәрінде нәтиже теріс болды, қазір олар тасымалдауды күтіп отыр. Оқиға орнында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта жағдай тұрақтанды.

Тегтер: Атырау