27.04.2020, 23:15

Нұр-Сұлтан көшесінде әйелді өлімші етіп тепкілеп кеткен күдікті 11 күн бойы ұсталмапты (ФОТО)

«Екі аптадан бері ұсталмайтын ол қандай дөкей? Нұрділдә Ораз, Астана қаласының полиция қызметкерлері ұрған азаматты неге анықтай алмай жатыр?» - деп ашуланды заңгер.

Белгілі заңгер Айгүл Орынбек facebook парақшасында Нұр-Сұлтан қаласында болған оқиғаны мәселе етіп көтерді. Оның айтуынша, 16 сәуірде жолға таласып қалған азамат өзі ереже бұзғанымен қоймай, қарсы көліктің рөліндегі әйелді өлімші етіп тепкілеп кеткен, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Жол бермегені үшін ұрған! Астанада болған оқиғаны ешкім мән беріп талқылап жатқан жоқ! Егер осы оқиға Шымкентте болғанда, баяғыда полицияның да, шымкенттіктердің де түбіне жетіп, жамандайтын едіңіздер, ия?

16 сәуір күні болған оқиға. Мүгедек баласы бар ана, өз автокөлігімен келе жатып, тұрғын үй ауласында бейтаныс азаматпен жолға таласып қалады! Жол ережесін бейтаныс азамат бұзып тұрады. Интернетте видеолары да жүр! Алайда, жігіт күш көрсетіп, әйелді ұрып, теуіп кетеді!

Астана қаласының полиция тергеушісі осы уақытқа дейін ұрған жігіттің кім екенін анықтамаған, жәбірленушінің айтуы бойынша! Машина нөмірі, тіпті, түрі видеода анық көрініп тұрса да жігіт осы уақытқа дейін анықталып, ұсталмаған!

Екі аптадан бері ұсталмайтын ол қандай дөкей? Нұрділдә Ораз, Астана қаласының полиция қызметкерлері ұрған азаматты неге анықтай алмай жатыр?» - деп ашуланды заңгер.

Ал нақты дерек бола тұра, елордалық сақшылардың күдіктіге 11 күн бойы неге тиісті жаза қолданбай отырғаны белгісіз.